21 Қаңтар, 2015

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының қаулысы  № 199

294 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
2014 жылғы 22 қазанда,  Алматы қаласы Қазақстан Республикасы банктерінің құжаттамалық аккредитивтерімен операциялар жүргізу қағидаларын бекіту туралы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, банктердің құжаттамалық аккредитивтерімен операциялар жүргізу тәртібін жетілдіру мақсатында, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулы етеді: 1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы банктерінің құжаттамалық аккредитивтерімен операциялар жүргізу қағидалары бекітілсін. 2. Осы қаулының қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының кейбір қаулыларының күші жойылды деп танылсын. 3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Ұлттық Банк Төрағасы Қ.КЕЛІМБЕТОВ. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 22 қазандағы №199 қаулысына қосымша Күші жойылған нормативтік құқықтық актілердің тізбесі 1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасы банктерінің құжаттамалық аккредитивтерімен операциялар жүргізу ережесін бекіту туралы» 2000 жылғы 25 сәуірдегі № 178 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1150 тіркелген). 2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2000 жылғы 25 сәуірдегі № 178 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы банктерінің құжаттамалық аккредитивтерімен операциялар жүргізу ережесіне өзгерісті бекіту туралы» 2001 жылғы 3 қыркүйектегі № 316 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1655 тіркелген). 3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасы банктерінің құжаттамалық аккредитивтерімен операциялар жүргізу ережесін бекіту туралы» 2000 жылғы 25 сәуірдегі № 178 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2002 жылғы 18 сәуірдегі № 138 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1860 тіркелген, 2002 жылғы Қазақстан Республикасының орталық, атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілері бюллетенінің № 29, 635-құжатта жарияланған). 4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бөлімшелерінің арасында функцияларды бөлуге байланысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2005 жылғы 17 қарашадағы № 147 қаулысына қосымшаның 6-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №3993 тіркелген). Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 22 қазандағы №199 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы банктерінің құжаттамалық аккредитивтерімен операциялар жүргізу қағидалары Қазақстан Республикасы банктерінің құжаттамалық аккредитивтерімен операциялар жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына, «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына, «Ақша төлемі мен аударымы туралы» 1998 жылғы 28 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Төлемдер туралы заң), Халықаралық сауда палатасы қабылдаған құжаттамалық аккредитив бойынша біріздендірілген дәстүрлеріне және қағидаларына (International Chamber of Commerce, UCP Publication № 600) сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы банктерінің (бұдан әрі - банктер) құжаттамалық аккредитивтерімен операциялар жасау тәртібін реттейді. 1. Жалпы ережелер 1. Құжаттамалық аккредитив (бұдан әрі - аккредитив) – банк клиенттің өтініші мен нұсқаулығына сәйкес қабылдаған немесе өз қалауы бойынша белгілі бір бенефициарға төлем жасауы немесе оның бұйрығы бойынша акцепт жасауы және бенифициар ұсынған аударым вексельдеріне (тратт) төлем жасауы немесе егер аккредитивтің барлық шарттары сақталмаса, белгіленген мерзіміне қарай аккредитивте көзделген құжаттарды саудалау (негоцияция) жөнінде банктің қайтарып алынбайтын міндеттемесі көзделген құжаттамалық есеп айырысу нысаны. Аккредитив деп сатып алу-сату шартынан немесе басқа да шарттан ерекшеленген, соларға негізделетін мәмілені айтады. 2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады: 1) авизо жасаушы банк – бенефициарға эмитент банк өз тарапынан міндеттеме алмай-ақ аккредитивті және/немесе оған өзгерісті беруге уәкілеттік берген банк; 2) аккредитивке бұйрық беруші (бұдан әрі – бұйрық беруші) – қызмет көрсететін банкке (эмитент банкке) аккредитив ашуға өтініш беретін адам; 3) бенефициар – пайдасына аккредитив ашылатын заңды немесе жеке тұлға; 4) негоциация – орындаушы банктен өзге банкке ұсынылған аударым вексельдерін (тратты) және (немесе) құжаттарды орындаушы банктің аванстау немесе бенефициарға банк күні ақшаны аванстауға келісім беру жолымен сатып алуы, ол күні немесе ол басталғанға дейін орындаушы банкке өтем берілуге тиіс; 5) орындаушы банк - эмитент банк құжаттарды қабылдауға, тексеруге және оның талаптарына сәйкес аккредитивтерді орындауға уәкілеттік берген банк немесе егер аккредитивтің орындалуы кез келген банкте көзделген жағдайда кез келген банк; 6) өтем жасалған аккредитив - ашылған кезде бұйрық беруші эмитент банктің басқаруына аккредитив сомасына тең ақша сомасын (өтемді) осы ақшаны аккредитив бойынша төлеу үшін пайдалануға болатын шартпен аккредитивтің қолданылу мерзіміне берілетін аккредитив; 7) расталған аккредитив - эмитент банктің аккредитив бойынша төлем міндеттемесін орындауды жүзеге асыру міндеттемесіне қосымша немесе тиісінше ресімделген негоциацияны растайтын банктің міндеттемесі; 8) растаушы банк – эмитент банктің талаптарына сәйкес оның міндеттемесіне қосымша аккредитивтерді орындау жөнінде міндеттеме қабылдайтын банк; 9) трансферабель аккредитиві – аударымды болып табылатындығы және бірінші бенефициардың нұсқауы бойынша бір немесе бірнеше бенефициардың пайдасына (аударуды) оны толық немесе ішінара пайдалану мүмкіндігін көздейтіндігі көрсетілген аккредитив; 10) эмитент банк - аккредитивке бұйрық берушінің өтінішіне сәйкес аккредитив ашатын және оның талаптарына сәйкес аккредитивті орындау жөніндегі міндеттемені атқарушы банк. 3. Осы Қағидалармен реттелмейтін қатынастар Халықаралық сауда палатасының құжаттамалық аккредитиві бойынша біріздендірілген дәстүрлерімен және қағидаларымен (International Chamber of Commerce, UCP Publication № 600), тараптар арасында жасалған шарттармен (бар болса), аккредитив ашуға арналған өтініштердің талаптарымен және банк тәжірибесінде қолданылатын іскерлік айналым дәстүрлермен реттеледі. 2. Аккредитивті ашу тәртібі 4. Банк Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – Ұлттық Банк) аккредитив ашу (ұсыну) және растау бойынша банк операцияларын және өзге де операцияларды жүргізуге лицензиясы бар болса ғана аккредитив ашуды жүзеге асырады. 5. Аккредитив ашу үшін бұйрық беруші қызмет көрсететін банкке (эмитент банкке) Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4602 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесін бекіту туралы» 2007 жылғы 23 ақпандағы № 49 қаулысында көзделген құжаттарды (Ұлттық Банкте аккредитивтер ашуды қоспағанда) және аккредитив ашу туралы өтініштің екі данасын ұсынады. Өтініштің бірінші данасы аккредитив ашу үшін банкте, қабылдағаны туралы белгі қойылған екінші данасы клиентке қайтарылады. 6. Аккредитив ашуға арналған өтініште мыналар болуға тиiс: 1) бұйрық берушiнiң аты-жөні және мекенжайы; 2) бенефициардың атауы және мекенжайы, оның банктiк деректемелерi; 3) авизо жасаушы банктiң атауы; 4) аккредитивтiң түрi; 5) аккредитив сомасы; 6) аккредитивтiң орындалу тәсілдері; 7) банктің аккредитивтің орындалуға жататындығы немесе оның кез келген банкте орындалуға жататындығы туралы нұсқауы; 8) тауардың немесе қызметтің атауы; 9) аккредитивтердiң орындалуына қайшы келетiн құжаттардың тiзбесi; 10) аккредитивтiң орындалу мерзiмi, тиеу мерзiмi (қажет болған жағдайда), құжаттар беру мерзiмi; 11) аккредитив бойынша банк шығыстарының орнын толтыратын тараптардың атауы. 7. Банк аккредитив ашу мерзімін белгілейді. Бұл ретте өтелген аккредитивті ашу үшін мерзім үш жұмыс күнінен, өтелмеген аккредитив үшін – жиырма жұмыс күнінен аспауға тиіс. Банк аккредитивтерді ашу мерзімін клиент банкке осы Қағидаларда және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының «Кредиттеу жөніндегі құжаттамасын жүргізу ережесін бекіту туралы» 2007 жылғы 23 ақпандағы № 49 қаулысында көзделген құжаттардың толық топтамасын ұсынған күннен бастап есептейді. 8. Электрондық хабар алмасу туралы шарт болған кезде бұйрық беруші аккредитив ашуға арналған өтінішті эмитент банкке электрондық тәсілмен, оны қағаз тасымалдауышта растамай-ақ, электрондық құжаттар алмасудың тиісті жүйелерін пайдалана отырып бере алады. 9. Банк алынған өтініштің негізінде авизо жасаушы немесе орындаушы банкке тікелей, не басқа банк арқылы беру үшін аккредитивті ресімдейді. 10. Аккредитивте оны орындау тәсілі көрсетіледі – ұсыну бойынша төлем жасау, мерзімін ұзартып төлем жасау, аударым вексельдерiнiң (тратт) акцептi немесе негоциация не аралас төлем жасау. 11. Банктерде ашылған және орындалатын аккредитив сомасы қазақстандық теңгемен немесе шетел валютасымен көрсетiледi. 3. Аккредитивті орындау 12. Банктердің құжаттарды тексеру тәртібі мен мерзімдері, аккредитивті аудару банк тәжірибесінде пайдаланылатын халықаралық стандарттарға және Халықаралық сауда палатасында қабылданған құжаттамалық аккредитиві бойынша біріздендірілген дәстүрлеріне және қағидаларына (International Chamber of Commerce, UCP Publication № 600) сәйкес жүзеге асырылады. 13. Эмитент банкте немесе орындаушы банкте аккредитивте көзделген тиісінше ресімделген құжаттар болған кезде, сондай-ақ аккредитивтің барлық талаптары сақталған кезде эмитент банк аккредитивті мынадай жолмен: 1) ұсыну бойынша төлем жасау, мерзімін ұзартып төлем жасау немесе эмитент банктің акцепті; 2) егер орындаушы банк төлемесе, орындаушы банкке ұсыну бойынша төлем жасау; 3) егер орындаушы банк мерзімін ұзартып төлем жасау міндеттемесін өзіне қабылдамаса, не мерзімін ұзартып төлем жасау міндеттемесін өзіне қабылдай отырып, мерзімі келген кезде төлемесе, мерзімін ұзартып төлем жасау; 4) егер орындаушы банк оған қойылған аударым векселін (тратты) акцептемесе, немесе оған қойылған аударым векселін (тратты) акцепттеп, мерзімі келген кезде төлемесе, акцепт арқылы; 5) егер орындаушы банк негоциацияны жүзеге асырамаса, негоциация арқылы орындайды. 14. Аккредитивтерді орындау мақсатында жүзеге асырылатын төлемдер тек қолма-қол ақшасыз жасалатын тәртіппен ғана жүргізіледі. 15. Бенефициардың пайдасына төлемді жүзеге асыру кезінде эмитент банк (орындаушы банк) аккредитив сомасына төлем тапсырмасын ресімдейді, оның орындалуы Төлемдер туралы заңда, «Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы» 2005 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңында, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1155 тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Төлем тапсырмаларды, төлемдік талап-тапсырмаларды, инкассалық өкімдерді ресімдеу, пайдалану және орындау жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» 2000 жылғы 25 сәуірдегі қаулысында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7701 тіркелген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасында валюталық операцияларды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» 2012 жылғы 28 сәуірдегі № 154 қаулысында белгіленген тәртіппен және талаптарды сақтаумен жүргізіледі. 16. Аккредитив пен кез келген өзгеріс авизо жасаушы банк арқылы бенефициарға авизо жасалуы мүмкін. Растаушы банк болып табылмайтын авизо жасаушы банк аккредитивті және кез келген өзгерісті міндеттемені орындау немесе негоциация жасау міндеттемесінсіз авизо жасайды. 17. Аккредитивті авизо жасау үшін авизо жасаушы банктің немесе екінші авизо жасаушы банктің қызметтерін пайдаланған банк кез келген өзгерісті авизо жасау үшін сол банкті пайдалануы тиіс. 18. Бенефициардың аударым вексельдерін (тратт) акцепттеу немесе негоциациясы аккредитив талаптарына қарай «Қазақстан Республикасындағы вексель айналысы туралы» 1997 жылғы 28 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1016 тіркелген, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Екінші деңгейдегі банктердің аударым және жай вексельдермен операциялар жүргізу ережесін бекіту жөнінде» 1999 жылғы 15 қарашадағы № 397 қаулысына сәйкес жүргізіледі. 4. Банктердің даулы ахуалдарды шешу кезіндегі іс-әрекеті 19. Банктер мыналарға байланысты мәселелерді қарамайды: 1) аккредитив талаптарына сәйкес ұсынылатын құжаттардың нысаны, толықтығы, нақтылығы, түпнұсқалығы, қолдан жасау немесе заңдық мәні үшін, сондай-ақ құжаттардағы немесе оларға қосымша қосылған жалпы немесе жеке талаптары. 2) құжаттарда көрсетілген тауарлардың сипаттамасы, саны, салмағы, сапасы, орауы, жеткізілуі, құндылығы немесе нақты болуы үшін, сондай-ақ жүк жөнелтушінің, тауарды тасымалдаушылардың, сақтандырушылардың және басқа да тұлғалардың іс-қимылдары, төлем қабілеттілігі, міндеттемелерін орындауы, коммерциялық беделі; 3) жолда қандай да бір хабарламалардың, хаттардың немесе құжаттардың жолда кешіктірілгені немесе жоғалғаны, телекоммуникациялық хабарламаларды берген кезде банктердің кінәсінен емес пайда болатын бұрмалану мен басқа қателер; 4) техникалық терминдердің аудармасындағы немесе түсіндірмесіндегі қателер және аккредитивтердің терминдерін оларды аудармастан беру. 20. Банктер аккредитивтің бұйрық берушісінің нұсқаулықтарын орындау үшін басқа банктің немесе басқа банктердің қызметтерін пайдаланған кезде басқа банктің нұсқаулықтарды орындамауына байланысты мәселелерді қарамайды. Егер аккредитивте өзгеше көрсетілмесе, басқа тараптың қызметін пайдаланатын тарап қандай да бір қызметтерді орындау үшін, комиссияны, төлемдерді және осындай нұсқаулықтарды орындауға байланысты нұсқау алған тарап көтерген шығындарды қоса алғанда, барлық шығындарды көтереді. 21. Тараптар арасында уағдаластыққа қол жеткізілмеген кезде дауалар сот тәртібімен шешіледі. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылғы 9 желтоқсанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №9948 болып енгізілді.